Павлодар облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкер жер қойнына тапсырылды
Бақтияр отбасындағы жалғыз ұл еді

Павлодар облысында тікұшақ апатынан қаза болған Бақтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзінің Telegram каналында жазды.
«Сорбұлақ көлі үстінде әскери тікұшақ кенеттен байланыссыз қалған сәтте, бәріміздің жүрегіміз бір үміт, бір күдікпен соқты. «Аман болар… оралар…» деген тілекпен алаңдап, дұғада болдық. Алайда тағдырдың жазуы басқа екен», - деп атап өтті өңір басшысы.
Шарбақты ауданындағы Шалдай ауылынан шыққан Бақтияр Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды.
«Ертіс-Баян жұртшылығы атынан жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасы Сәниолла Ержігітұлы мен Айман Задашқызына қайғырып көңіл айтамыз. Сіздердің қайғыларыңыз – баршамыздың ортақ қайғымыз. Бақтияр есімізде мәңгі, жүректерге өшпестей із қалдырған қаһарман батыр. Жаны жәннәтта, нұры пейіште шалқысын», - деп түйіндеді Павлодар облысының әкімі.
Еске сала кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында әскери тікұшақ радардан жоғалып кетті. Бұл ақпаратты Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі растады. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Кейінірек Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясынан Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылды. Ал іздеу жұмыстарына 400-ге жуық адам, 70-тен астам жер үсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ҰҰА, эхолоттар, су асты сканерлеу құралдары, сондай-ақ кинологиялық есептоптар тартылды.
9 тамызда жоғалған тікұшақтың сынықтары мен борттағы экипаж мүшелерінің бірінің мәйіті көлден 14 метр тереңдікте табылды. 10 тамызда құтқарушылар екінші зардап шегушінің денесін тауып, алып шықты.