«Осы жерде өлемін деді»: Таласта қорлық көрген балалардың әпкесі оқиғаның қалай болғанын айтты
Қазір балалардың жанында өз әкесі мен туыстары бар

Жамбыл облысының Талас ауданында 5 жыл бойы балаларға қол көтеріп, қорлық көрсетті деген күдікпен өгей әке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде үсті басы соққыдан жараға айналып, мал баққан екі жеткіншектің видеосы тараған. Осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылып, жедел тергеу басталды. Әлеуметтік желіде тараған видео Талас ауданындағы Көктал ауылы маңында түсірілген. Мал баққан балалар өгей әкесінің ауыр жұмысқа салып, жиі қол көтеретінін айтып шағымданған. Дәлелі ретінде денесіндегі көгерген, жара болған тұстарын көрсетеді. Балалардың мұндай хәлін ауыл тұрғыны байқап, туыстарына хабар берген.
«Үйде отыр едім, бөтен билайн нөмірден қоңырау шалды. Үлкен ұл жылап жіберді. Бүгін бізді алып кетпесең, мен қашамын немесе осы жерде өлемін деді. Менің талабым балаларды анасынан айыру емес. Өгей әке жазасын алса, бұлар шешелерімен бірге болса деймін», - дейді жәбірленушілердің әпкесі Жанерке Нұрмұхаммед.
Даулы видеоға байланысты аймақта арнайы комиссия құрылды. Олар зардап шеккен екі емес ағайынды үш бала екенін анықтаған. 16 жастағы егіздер мен 10 жастағы оқушы, әйелдің бірінші некеден туылған балалары екен. Қазір кәмелетке толмаған балалар әлеуметтік көмек көрсету орталығында психологиялық көмек алып жатыр.
«Полиция департаменті медициналық сот сараптамасын тағайындап, оны қазір өткізді. Балалардың құлақ тұсында ісіну бар. Нұрсұлтанның айтуынша бел тұсы, басы ауырады», - деп атап өтті Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова.
Қазір балалардың жанында өз әкесі мен туыстары бар. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс басталып, күдікті ретінде өгей әкелері қамауға алынды. Ал бұл іс біткенше жәбір көрген жеткіншектер бейімдеу орталығында болмақ.