Қазақстанның төрт қаласында ауа сапасы нашарлайды
Синоптиктер төрт қаланың тұрғындарына ескерту жасады

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 11 тамызда, еліміздің төрт қаласында атмосферада ластаушы заттардың шоғырлануы күшейеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жағдай ауа райының зиянды қоспалардың жерге жақын қабатта жиналып, таралмауына қолайлы үйлесімімен байланысты.
«11 тамыз 2025 жылы Павлодар, Алматы қалаларында, түнде Атырау мен Астанада қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай деген не?
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – бұл ластаушы заттардың ауада таралуына кедергі келтіретін табиғи құбылыстар. Оларға мыналар жатады:
- Тымық ауа;
- әлсіз жел;
- тұман,
- температуралық инверсия.
Мұндай кезде зиянды қоспалар ауада ұзақ сақталып, шоғырланады. Бұл әсіресе тығыз қоныстанған аудандарда және өнеркәсіптік аймақтарда ауа сапасының уақытша төмендеуіне әкеледі.
Денсаулыққа ықтимал қауіп
Ауа сапасының нашарлауы тыныс алу жолдарына кері әсер етіп, аллергиялық және созылмалы аурулары бар адамдардың жағдайын қиындатуы мүмкін. Сондықтан ҚМЖ кезінде ашық ауада ұзақ уақыт болмау және маска қолдану ұсынылады.