Астаналық құтқарушылар шақырылмаған «қонақты» ұстады
ТЖМ қызметкерлері азаматтарға үйге жарқанат ұшып кіргенде не істеу керектігін түсіндірді

Елордалық құтқарушылар үйге кіріп кеткен жарқанатты босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше Қабанбай батыр даңғылында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің балконына жарқанат ұшып кіріп, өз бетінше шыға алмаған.
«Мазасызданған үй иесінің шақыртуына келген құтқарушылар шақырылмаған «қонақты» ұстап, оны бостандыққа жіберді», - деп жазылған хабарламада.
Егер үйге жарқанат ұшып кірсе не істеу керек
- онымен тікелей байланыста болудан аулақ болыңыз;
- балалар мен үй жануарларын басқа бөлмеге шығарыңыз;
- оны тістеуден қорғалған қолыңызбен ақырын ұстаңыз да бостандыққа жіберіңіз.
Еске сала кетейік, Қытайда жарқанаттардан жаңа коронавирус табылған болатын. HKU5-CoV-2 коронавирусы Таяу Шығыс респираторлық синдромын (MERS) қоздыруы мүмкін. Бұл ауру қатты жөтелмен қатар пневмония сияқты асқынуларға әкеледі. Бұған дейін COVID-19 вирусы да осындай ауыр тыныс алу жолдарының ауруларын тудырғаны белгілі.