Қарғалы өзені жасыл түске боялды: Алматы әкімдігі түсініктеме берді
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Қарғалы өзенінен алынған су сынамалары зертханада тексеріліп, құрамынан қауіпті заттар анықталмаған. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жуырда Қарғалы өзені Жандосов көшесі мен Абай даңғылының арасындағы бөлігінде судың түсі өзгергені хабарланған болатын. Өзен арнасы жасыл түске боялған.
Осыдан кейін қалалық экология департаменті мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті судан сынама алып, зертханалық талдауға жіберген.
Алматы қалалық экология және қоршаған орта басқармасы мамандары, өзендегі судың жағдайын арнайы комиссия тексергенін айтты. Сараптама нәтижелері бойынша, Қарғалы өзенінен алынған сынамаларда химиялық немесе бактериологиялық көрсеткіштер бойынша шектен тыс ауытқулар анықталмаған.
Басқарманың айтуынша, судың жасыл түске боялуына суға ерігіш тағамдық бояғыш себеп болуы мүмкін.
«Анықталған бояғыш заттың ізі, болжам бойынша, нөсер кәріз жүйесіне төгілген тағамдық бояумен байланысты. Қазіргі уақытта Алматы қаласының экология департаментінен қорытынды күтіліп отыр», – дейді жауапты басқарма.