Қазақстандықтарға енді Оңтүстік Кореядан жұмыс табу жеңілдей түседі
Оңтүстік Кореяның Employment Permit System жүйесіне ену мәселесі талқыланды

Қазақстандықтар үшін енді Оңтүстік Кореядан жұмыс табу жеңілдеуі мүмкін. Қазіргі уақытта аталмыш елдің Employment Permit System (EPS) жүйесіне ену мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев пен Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар елімізді оңтүстіккореялық шетелдік азаматтарға жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесіне – Employment Permit System (EPS) енгізу бойынша алдағы қадамдарды талқылады.
«Асқарбек Ертаев Чжо Тэ-икті қазақстандық азаматтардың Корея Республикасында заңды, қауіпсіз және тәртіпке келтірілген жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан қабылдап жатқан шаралар кешені туралы хабардар етті.
Тараптар осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Вице-министр Корея Республикасының елшілігіне сындарлы және татымды диалог үшін алғысын білдірді», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, Employment Permit System (EPS) – бұл Оңтүстік Кореяның мемлекеттік бағдарламасы. Ол шетелдік жұмысшыларға жергілікті мамандар тапшы салаларда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама 2004 жылы енгізілген және оны Кореяның Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі реттейді.