«6 млн тг төлеп, демала алмаған»: ақтөбелік әйел сот арқылы ақшасын қалай қайтарып алды
6 миллион теңгеге тур сатып алған, бірақ демалысқа бара алмаған

Ақтөбе қаласының тұрғыны 2023 жылы туристік қызмет көрсетуге келісімшарт жасап, туроператор компанияға 6 миллион теңге көлемінде толық төлем жасаған. Алайда келісілген қызмет көрсетілмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық соттың мәліметіне сүйенсек, турөнімді басқа компания (ЖШС) жүзеге асыруы тиіс болған. Бірақ екі жылдан соң әйел келісімді бұзу және ақшасын қайтару туралы сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
Келісімшартта заң талаптары ескерілмеген
Сот барысында талапкер қонақ үй орналасқан жер, демалыс және жол жүру шарттары,сақтандыру және қауіпсіздік шаралары көрсетілмегенін алға тартты.
Сот бұл деректерді растап, мұндай келісімшартты туристік қызмет көрсетуге арналған типтік шарт талаптарына сәйкес емес деп таныды.
Моральдық өтемақы да өндірілді
Сот талапкердің шағымына жауап бермеген туркомпанияны жауапкершілікке тартып, келісімді бұзу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде әйелдің пайдасына 6 млн теңгеден астам қаражат, сонымен қатар 100 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді.
Аталған шешім заңды күшіне енді және орындалуға жатады.