Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көкжайлауда» курорт салынбайды
Мемлекет басшысы сәуір айында да сол кездегі мегаполис басшысы Бауыржан Байбектің «Көкжайлау» жобасының құрылысын кейінге қалдыру шешімін қолдаған еді
Жұмыс сапарымен Алматы қаласында жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкжайлау» шатқалына курорт салуға болмайды деп мәлімдеді. Бұл туралы Президент қаланың әлемуеттік-экономикалық дамуына арналған жиында айтты, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.
«Бұл тақырыпқа қайта орала бермес үшін айтайын, мен Көкжайлау аймағына демалыс кешенін салуға тыйым саламын. Керек емес. Оның үстіне бұл бастамаға кәсіби экологтар мен қоғам белсенділері де қарсы шығып отыр», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сәуір айында да сол кездегі мегаполис басшысы Бауыржан Байбектің «Көкжайлау» жобасының құрылысын кейінге қалдыру шешімін қолдаған еді.
«Алматы қаласының əкімі Б.Байбек сарапшылардың бағалауы мен қала тұрғындарының пікірін зерттеп, зерделеу үшін «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының жобасын кейінге шегеруді ұсынды. Менің ұсынысым бойынша қабылданған бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды», - деген еді.
Сондай-ақ жақында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Көкжайлау» жобасының құрылысына байланысты әлі нақты бір шешім қабылданбағанын айтқан еді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы