$ 541.82  627.1  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бір төсектің құны – 1,2 млн теңге: Қызылордада атышулы іске қатысты сот үкімі шықты

Бір төсектің нарықтағы орташа бағасы 460 мың теңгеден аспаған

Бір төсектің құны – 1,2 млн теңге: Қызылордада атышулы іске қатысты сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Қызылорда қаласының №2 соты облыстық инфекциялық ауруханаға медициналық кереуеттерді қымбат бағаға сатып алуға қатысты атышулы іске үкім шығарды. Даудың ортасында аурухананың бас есепшісі, оның інісі және азаматтық некедегі жары болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бір кереует – 1,2 млн теңге

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, аурухана жеке компаниямен 220 кереуеттің әрқайсысын 1,2 миллион теңгеден сатып алу туралы келісімшарт жасаған. Алайда нарықтағы орташа баға 460 мың теңгеден аспаған. Бұл мәміле мемлекетке 157,7 миллион теңге залал келтірген.

Жауаптылар кінәсін мойындап, шығынды өтеген

Тергеу барысында айыпталушылар кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Осыған байланысты процессуалдық келісімге қол жеткізілген.

Үкім және жазаның жеңілдеуі

Сот ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен аса ірі көлемде ұрлық жасау») бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, белгілі бір лауазымдарды атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.

Алайда, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жазаның үштен бірі қысқартылып, олар шартты түрде төрт жылға сотталды.

Серіктес жаңалықтары