Ұлттық ұлан сарбазы Абайдың 50-ден астам өлеңін жатқа біледі
Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр

Ұлттық ұлан сарбазы ұлы ақын Абайдың 50-ден астам өлеңін жатқа біледі. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Поэзияға жаны жақын жауынгер
Шымкентте қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген сарбаздардың арасында бала күнінен Абай шығармашылығына қызығушылық танытқан жастар бар. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Бақытжан Артықбай.
Бақытжан әдебиетке деген ынтасын бастауыш сыныптан-ақ байқатып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айта бастаған. Уақыт өте келе ол Абай шығармаларын оқу бойынша республикалық байқаудың жеңімпазы атанған. Бүгінде ол ұлы ақынның 50-ден астам өлеңін жатқа біледі.
«Абай сөзі – адамгершілік пен парасаттылықтың мектебі. Бос уақытымда оның өлеңдерін қайталап оқимын, ішкі жан-дүниемді тәрбиелеуге тырысамын. Әр өлеңінен терең рухани мазмұн, тәрбиелік мән сезіледі», – дейді жауынгер.
Абайды құрметтейтін тағы бір сарбаз
Құқық тәртібі әскерінің қатарында Абайды ерекше құрметтейтін тағы бір жауынгер – Жұлдызбек Ромашев қызмет етіп жүр. Ол да Абай шығармаларын жатқа оқу бойынша республикалық байқаудың жүлдегері.
Жұлдызбектің анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сондықтан ол бала кезінен Абай әлемімен етене таныс болып өскен.
Айта кетейік, биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр.