«Өлген баламды жерлейтін жер таппадым»: Тағдыр тәлкегіне ұшыраған бес балалы ана үйлі болды
Сондай-ақ қор отбасыға жеке кәсіп ашуға көмектеседі

«Маскадағы адам» Айнәзік есімді жалғызбасты анаға үй сыйлады. Бес қызын жалғыз тәрбиелеп отырған әйел жалдамалы баспанада тұрып келген, тапқан табысы күнкөріске әрең жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үлкен қызы 17 жаста, анасының айтуынша, оны бір топ еркек көшеде зорлап кеткен. Содан кейін психологиялық жарақат алып, бөлмесінен шықпай қойыпты. Қазір полиция зорлық-зомбылық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Ортаншы қыз аутизмге шалдыққан, туғаннан көзі көрмейді. Қызын қалдыратын ешкім болмағандықтан шарасыз ана оны беліне байлап, өзімен бірге жұмысқа алып кетеді. Отбасын асырау үшін әйел күндіз жұмыс істесе, кешке кафеде еден жуады.
«Пәтерақыны төлей алмай, далада қалған кезім болды. Қолымда ауыратын балам бар еді. Оның жүрегінде ақау болды. Тура сол кезде шетінеді. Өмірімдегі ең қиын сәт еді. Өлген баламды қай жерге көметінімді білмей қатты қиналдым. Балам жатыр, күн ыстық, оны қоятын жер жоқ», - деп жылады әйел.
«Маскадағы адам» отбасыға үй алып қойғанын, сондай-ақ қор жеке кәсіп ашуға көмектесетінін айтты.
Видеода жөндеуден өткен және жиһаз қойылған үлкен үй көрсетіледі. Бүкіл отбасы мен бетперде киген жігіт кең дастарқан басында жиналған.