Mercedes-Benz көлігін ұрлап, полициядан қашқан: Қостанайда бозбала достарымен бірге ұсталды
Қостанайда полиция қызметкерлері Mercedes көлігін айдап кеткен жасөспірімді ұстады
Қостанайда Mercedes-Benz көлігін ұрлап кеткен 16 жастағы бозбала ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 28 шілде күні кешкі уақытта Қостанай қаласында жылдамдықты асырған, жол қозғалысы ережелерін бұзған, қарсы қозғалыс жолағына шығып, бағдаршамның сигналдарын елемеген Mercedes-Benz маркалы автокөлік патрульдік тәртіп сақшыларының назарына іліккен.
Көлік туралы ақпарат барлық кезекші жасаққа берілді. Шипин көшесінде автокөлік тоқтатылды. Рөлде 16 жастағы жасөспірім отырған, ал көлік ішінде оның құрдастары болған. Автокөлік ұрланған деп есепке алынғаны анықталды. Бұған дейін иесі үй ауласынан көлік жоғалғаны туралы полицияға арыз берген.
«Кәмелетке толмағандар одан әрі тексеру үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Автокөлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда.
Полиция қызметкерлері республика бойынша өтіп жатқан «Түнгі қаладағы балалар» акциясы жайлы еске салады. Бұл акция тек түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар одан да күрделі оқиғалардың алдын алуға көмектеседі», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.