Ақтөбе мен Атырауда ауа сапасы нашарлайды: синоптиктер ескерту жасады
Мұндай кезде зиянды қоспалар ауада қалып, таралмай жерге жақын қабатта жиналады

Синоптиктердің мәліметінше, 30 шілдеде еліміздің екі қаласында – Ақтөбеде және түнде Атырау қаласында атмосферада ластаушы заттардың шоғырлануы жоғары болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ластаушы заттар неге шоғырланады?
Мамандардың айтуынша, бұл жағдай қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың (ҚМЖ) туындауына байланысты. Мұндай кезде зиянды қоспалар ауада қалып, таралмай жерге жақын қабатта жиналады.
Қолайсыз метеожағдай (ҚМЖ) дегеніміз не?
Қолайсыз метеожағдайлар:
- Тымық ауа,
- әлсіз жел,
- тұман,
- температуралық инверсия.
Олар ауадағы ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіріп, жер бетіне жақын деңгейде шоғырлануына себеп болады.
ҚМЖ адам денсаулығына қалай әсер етеді?
Мұндай жағдайлар ауа сапасының уақытша нашарлауына әкеліп, тығыз қоныстанған аудандарда немесе өнеркәсіптік аймақтарда әсіресе қауіпті саналады. Бұл – тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіп төндіруі мүмкін.