Көбейтұз көлінің тұзы тағы да ұрланып жатыр: желіде видеосы тарады
Ақмола облысындағы табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактісі тіркелді

Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи нысан – Көбейтұз көлінен қызғылт тұздың заңсыз тасымалдануына байланысты полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Qumash медиа платформасының видеоматериалына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін пандемия кезеңінде де Көбейтұз көлінің жағалауы «емдік тұз» іздеген адамдардың көптеп келуінен зардап шеккен болатын. Қызғылт түсті тұзды жаппай жинау табиғи ландшафтқа орасан зиян келтірген еді.
Бұл жолы да экологиялық заңнамаға қайшы әрекеттер анықталып отыр. Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факт ресми түрде тіркелгенін хабарлады.
«Аталған құқықбұзушылық Ерейментау аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі таңда барлық мән-жайды анықтауға және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деп мәлімдеді ведомстводан.
Көбейтұз – табиғаттың сирек кездесетін байлығы
Көбейтұз көлі өзінің ерекше қызғылт түсімен және құрамындағы минералдарымен танымал. Ғалымдар оның экожүйесі өте нәзік екенін ескертіп, табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін мұқият қорғалуы қажет екенін айтып келеді.