Руслан Берденовті не үшін атып кеткені белгілі болды
Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қызмет мәселесіне қатысты жанжалдан кейін қастандық жасалған

Шымкентте қала әкімінің орынбасарына оқ атқан Ернар Жиембайға қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Кек алуды көздеген
Тергеу мәліметінше шенеуніктер арасында қызмет мәселесіне қатысты жанжал болғаны расталды.
«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС ғимаратында мердігерлердің жиналысы өткен. Сол жерде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берденов «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысын қызметінен босатуға тапсырма берген. Айыпталушы өз еркімен арыз жазып кетсін дегенді естіп, адам өлтіру туралы ойлана бастаған», - дейді прокурор Бауыржан Қараманов.
Айыптаушы тараптың айтуынша, Ернар Жиембай бұл әрекетке жұмыстан босатылғаныны үшін кек алу мақсатында барған. Бүгінгі алдын ала сот тыңдалымы ашық режимде өтті. Алайда судья Жиембайдың өзі бейнежазбаға түсіруге қарсы екенін айтып тыйым салды.
Күдіктіге қандай айып тағылды
Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің «Қылмысқа дайындалу» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша айып тағылып отыр.
Руслан Берденов тыңдалымға қатысқан жоқ. Оның өкілі сотқа шенеуніктің емделіп жатқанын жеткізді. Ал судья Берденовті негізгі сот процесіне қатысуға міндетті екенін айтты.
Еске салайық, 21 сәуір күні әкімдік ғимаратының маңында Руслан Берденовке бірнеше рет оқ атылып, ол жансақтау бөліміне түскен болатын.