Әйгерім Алтынбек әлемдік беделді опера байқауында жеңімпаз атанды
Ол бірнеше марапатқа ие болды

Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында тарихи жеңіске жетіп, абсолютті жеңімпаз атанды. Ол тек бірінші орынды ғана емес, сонымен қатар бірнеше беделді номинацияда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бір байқауда төрт марапат: Әйгерімнің жетістігі рекордтық көрсеткішке жетті
Әйгерім Алтынбек келесі марапаттарға ие болды:
- Бас жүлде және бірінші орын;
- Көрермен көзайымы жүлдесі;
- «Үздік әйел дауысы» номинациясы;
- Музыка сыншысы, арт-директор әрі педагог Карло Майердің арнайы сыйлығы.
Бұл – Қазақстан тарихындағы опера өнері үшін елеулі әрі прецедентсіз жеңіс. Бұған дейін мұндай жетістікке Орталық Азиядан ешбір өнерпаз қол жеткізбеген.
Қазылар алқасы: «Байқау басынан бастап көш бастады»
Қазылар алқасының төрағасы Доминик Мейер әншінің ерекше дарынына жоғары баға берді:
«Байқау тарихында алғаш рет қатысушы барлық кезеңде қазылар рейтингінде бірінші орында тұрды. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Көрерменнің де таңдауы дәл осы бағытта болғаны қуантады», – деді ол.
Әлемнің үздік 10 вокалисі қатысқан гала-концертте өнер көрсетті
Биылғы байқауға 200-ге жуық өнерпаз өтінім жолдаған. Алайда тек 10 қатысушы ғана финалға жолдама алып, Италияның Портофино қаласындағы орталық алаңда Teatro Carlo Felice оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Чилилік қордың арнайы марапаты: Әйгерім – Еуропадан тыс алғашқы иегер
«Үздік әйел дауысы» номинациясындағы жүлдені Әйгерімге Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл – әлемнің әр түкпірінен дарынды жас вокалистерді қолдауға бағытталған халықаралық қор. Әйгерім – бұл ұйымның қолдауына ие болған алғашқы еуропалық емес әнші.
Қор оған Оңтүстік Америкада халықаралық мансапты дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы арнайы ұсыныс та білдірді. Бұл отандық өнер иесіне Еуропадан тыс елдерде де беделін арттыруға мүмкіндік береді.
CLIP – әлемдегі ең беделді опера байқауы
Еске сала кетейік, Concorso Lirico Internazionale di Portofino (CLIP) – жыл сайын Италияда өтетін ең беделді халықаралық вокалдық байқаулардың бірі. Қазылар құрамында Вена операсы, Ла Скала, Метрополитен, Глайндборн және Елисей алаңындағы театр секілді жетекші театрлардың директорлары бар.