Алматы тауларында 8 гектар жер алапат отқа оранды
Қиын жер бедері өрт сөндіру жұмысын қиындатып отыр
Алматы маңындағы таулы аймақта ірі өрт шықты. Қызыл жалын шамамен 7-8 гектар аумақты шарпыды. Бұл туралы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт Райымбек округінде басталған
112 қызметіне Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округіндегі бау-бақша ұжымының аумағында қураған шөп жанып жатқаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына барған құтқарушылар ашық таулы аумақтағы қураған шөптің өртеніп жатқанын анықтады. Өртті сөндіруді күрделі рельеф пен тік өрлер қиындатып отыр. Сонымен қатар, өрт ошағына дейінгі тікелей жолдың болмауы және қиын жерлер жағдайды күрделендіріп отыр.
Зардап шеккендер жоқ, елді мекендерге қауіп төнбейді
Алматы облысының ТЖД мәліметінше, қазіргі таңда зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелмеген. Жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ.
Өрт сөндіруге 70-тен аса адам мен 9 техника жұмылдырылды
Өрт сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының өкілдері қатарынан 70-тен астам маман мен 9 арнайы техника тартылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.