$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында әйел адам анасына сыйлаған үйін сот арқылы тартып алмақ болды

Қызы сыйға тартқан үйге қатысты сотқа жүгінді

Жамбыл облысында әйел адам анасына сыйлаған үйін сот арқылы тартып алмақ болды
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында қызы өз анасын сотқа беріп, бұған дейін өзі сыйға тартқан үйді кері қайтармақ болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үйді қарыздан сақтану үшін рәсімдегенін айтты

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың наурызында Күрді ауылында тұратын әйел тұрғын үй мен оған тиесілі жер телімін анасымен нотариалды келісім негізінде ресми түрде сыйға берген. Алайда біраз уақыттан кейін ол бұл келісімді жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінген. Айтуынша, бұл келісім тек құжат жүзінде жасалған және үй іс жүзінде анасына берілмеген. Ол осылайша өз мүлкін қарыздары үшін өндіріп алудан қорғамақ болғанын жеткізген.

Анасы мен нотариус келісімді заңды деп таныды

Сот отырысында анасы келісімнің шынайы әрі ерікті түрде жасалғанын растады. Сонымен қатар, жауапкердің айтуынша, қызы даулы үйде тұруын жалғастырып, жиі жанжал шығарып, анасына психологиялық қысым көрсеткен.

Нотариус та келісімнің заңды рәсімделгенін айтып, тараптарға барлық талап түсіндірілгенін және ешқандай мәжбүрлеу болмағанын мәлімдеді.

Сот шешімі: келісім күшінде қалады

Сот істі жан-жақты зерделей келе, талапкердің уәждерін дәлелсіз деп тапты, ал келісімді жоюға негіз болатын заң бұзушылықтар анықталмаған. Қызы келісімді ерікті түрде жасаған және ол заңға сай рәсімделген.

Нәтижесінде, сот әйелдің талап-арызын толық көлемде қанағаттандырудан бас тартты. Шешім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары