Шымкентте түнгі уақытта жұрттың тыныштығын алған екі жүргізуші жауапқа тартылды
Тәртіп бұзушылардың көліктері арнайы айыптұраққа қойылды

Шымкент қаласында жол қауіпсіздігіне қатер төндірген екі азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желідегі бейнежазба полицияның назарына ілікті
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған көлік жүргізушілері бейнеленген видеоны анықтады. Кадрларда екі көлік иесі жол қозғалысы тәртібін елемей, түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Тәртіп бұзушылар ұсталып, бірнеше бап бойынша жазаланды
Жүргізушілер жедел анықталып, ұсталды. Оларға қатысты келесі әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша хаттамалар толтырылды:
- Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу,
- Қоғамдық тыныштықты бұзу,
- Жол қозғалысы ережелерін өзге де бұзушылықтар.
Тәртіп бұзушылардың көліктері арнайы айыптұраққа қойылды.
Полиция: Жолдағы тәртіп – әр жүргізушінің міндеті
Құқық қорғау органдары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген заңбұзушылық жазасыз қалмайтынын ескертеді.