Қарт кісілерді алдайды: Ұлттық Банк алаяқтардың жаңа әдісінен сақ болуға шақырды
Алаяқтар жаңа сценарийлермен алдауда – қарттар басты нысанаға айналды

Қазақстан Ұлттық Банкі егде жастағы азаматтарға бағытталған интернет-алаяқтық әрекеттерінің артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Алаяқтар заманауи цифрлық технологиялар мен әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, психологиялық қысым көрсету және эмоциялық манипуляция арқылы азаматтарды алдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтардың кең тараған әдістері
Ұлттық Банк келесі алаяқтық схемаларға ерекше назар аударуды ұсынады:
- Зейнетақы қорынан қосымша төлем береміз деп, жалған қызметкерлер болып хабарласады;
- Сақтандыру компанияларының атынан тиімді ұсыныс айтып, шот деректерін сұрайды;
- Бір кездері сатып алынған дәрі-дәрмектерге қатысты өтемақы аласыз деп алдап, жеке мәліметтер мен банк операцияларын талап етеді;
- Туыстарыңыз қиын жағдайда қалды деген сылтаумен ақша талап етеді, кейде курьер жібереді;
- Ұлттық Банк немесе құқық қорғау органдарының атынан хабарласып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
Туыстар мен жақындарға маңызды кеңес
Ұлттық Банк егде жастағы адамдардың туыстары мен қамқоршыларына мынадай кеңес береді:
- Мобильді құрылғыларға белгісіз нөмірлерді бұғаттайтын функция орнатыңыз;
- Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, бейтаныс файлдарды ашпаңыз және қосымшаларды жүктемеңіз;
- Мобильді банктерде сенімді адамның растауын қажет ететін параметрлерді енгізіңіз (егер бар болса).
Сақтық – қаржылық қауіпсіздіктің кепілі
Ұлттық Банк азаматтарды цифрлық сервистерді пайдалану кезінде сақ болуға, ал күмән туындаса – екінші деңгейлі банктерге немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Қосымша ақпарат алу үшін:
1477 – Ұлттық Банктің байланыс орталығы.