Ер адам анасының мәйітін 10 жыл сақтаған: марқұмның сүйегі дәретханадан табылды
Жапонияның Кобе қаласында полиция 60 жастағы ер адамды ұстады

Жапонияның Кобе қаласында полиция 60 жастағы Такехиса Миявакиді тұтқындады. Ол анасының қайтыс болғанын жасырып, оның мәйітімен бірге шамамен 10 жыл бойы бір пәтерде өмір сүріп келген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі SCMP басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Шенеунік күмәнданып, полиция шақырған
Оқиға 2025 жылдың мамыр айында әшкереленген. Қала қызметкері көшеде Миявакиді байқап, анасының жағдайы туралы сұраған. Ер адам жауап беруден жалтарған соң шенеунік күдіктеніп, полицияға хабарлаған.
Пәтерден қаңқа табылды
Полиция қызметкерлері ер адамның пәтеріне келгенде, үй қоқысқа толы болғанын, ал мәйіттің сүйектері дәретхана ішінен табылғанын мәлімдеді.
Миявакидің айтуынша, ол анасының қайтыс болғанын білген, бірақ социофобияға байланысты полицияға хабарласпаған және мәйітті сыртқа шығаруға батпаған.
Қылмыстық із қалмаған, ДНҚ – анасымен сәйкестігін растады
Сараптама нәтижесінде мәйіттің ешқандай зорлық-зомбылық ізі жоқ екені анықталған. ДНҚ тесті мәйіттің 95 жаста қайтыс болған анасына тиесілі екенін растады. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.