Шөкеев Түркістан қаласы әкіміне қаланы күніне екі рет аралап шығуды тапсырды
Рашид Аюпов «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру жұмыстары барысын баяндады
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан қаласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі Рашид Аюпов «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру жұмыстары мен рухани-мәдени орталығының алаң ішіндегі инженерлік-инфрақұрылымның жүргізілуі барысын баяндады.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, «Әзірет сұлтан» қорық мұражайында да су және кәріз жүйесі толық аяқталған. Су бұрқақтың бетон құю жұмыстары 85%-ға орындалған. Құрылыс алаңында 140 жұмысшы және 13 техника жұмылдырылған.
«Түркістан қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының құрылыс барысы таныстырылды. Саябақ аумағында қазір 1 867 түп ағаш отырғызылған»,- деді аймақ басшысы.
Аппарат мәжілісінде орташа жол жөндеу жұмыстары және аялдамалар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды.
«Өмірзақ Естайұлы қала әкіміне шаһарды таңертең және кешке екі рет аралап,құрылыс және абаттандыру жұмыстарын бақылауда ұстауын тапсырды. 32 сектордың жұмысын да тексеріп отыру қажеттігін айтты»,- делінген хабарламада.
Жиында, сонымен қатар Мақтаарал мен Төлеби аудандарындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары талқыланды. Шөкеев құзырлы басқарма басшыларына халыққа берілетін көмек пен тұрғын үй құрылысының сапасын қадағалауды тапсырды.