Төлем берілмеген: Астана тұрғыны Әлеуметтік сақтандыру қорын сотта жеңіп шықты
Әлеуметтік төлем беруден бас тартқан қордың шешімі сотта заңсыз деп танылды

Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жергілікті тұрғынның Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) қарсы талап арызын қарап, азаматтың пайдасына шешім шығарды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Баланың әкесі – күтім демалысындағы жалғыз қамқоршы
2024 жылғы қарашада талапкердің қызы дүниеге келген. Ал 2025 жылғы қаңтардан бастап ол бала күтіміне байланысты ақысыз демалысқа шыққан. Осы уақытта оның жұбайы Астанада ешқандай әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алмаған.
Осыған байланысты азамат МӘСҚ-қа табысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем тағайындауды сұрап жүгінген. Алайда қор тарапынан баланың туған күнінде табыстан айырылу фактісі болмаған деген уәжбен төлем беруден бас тартылған.
Сот: төлем табыс жоғалған күннен бастап берілуі тиіс
Соттың бірінші инстанциясы талапкердің талабын қанағаттандырды. Сот қорытындысында:
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде талапкер бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан күннен бастап, яғни табысынан айырылған сәттен бастап әлеуметтік төлем алуға құқылы. Алайда бұл құқық баланың туған күнінен бастап 18 айдан аспайтын мерзіммен шектеледі», – делінген.
Апелляциялық сот алқасы да бірінші инстанция шешімімен келісті.
Шешім заңды күшіне енген жоқ
Айта кетейік, бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ, яғни тараптардың арыз беру құқығы сақталған.