«Калькуляторға рұқсат беріледі»: ҰБТ-ға енгізілген 11 өзгеріс
Соның бірі – тестілеу уақыты тағы 10 минутқа ұзартылып, 4 сағат болды
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Ұлттық бірыңғай тестілеудегі негізгі өзгерістерді түсіндіріп, оны 11 тармаққа жіктеп берді.
1. Бақылау күшейеді. Егер ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар (смартфондар, жазба қағаздар, құлақаспаптар және т.б.) табылса, онда тест тапсырушы емтиханға жіберілмейді.
2. Кез келген адам ҰБТ-ның өту барысын көре алады. Көрсетілім сілтемесі ҰБТ жақындағанда жарияланады.
3. Әр аудиторияда бейнебақылау орнатылады және барлық жазбаларға 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. Сол кезде ҰБТ өткізу қағидаларының бұзылуы анықталған жағдайда (көшіру, қағаз жазбалар қолдану және т.б.), тестілеу нәтижелері жойылады, сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін. Сонымен қатар, бейнені тек адамдар ғана емес, бейне талдау жүйесі да бақылайды. Арнайы алгоритм тестіленушінің күдікті позициясын немесе қолындағы тыйым салынған затты анықтауға көмектеседі.
4. ҰБТ өткізу барысында бақылауды қамтамасыз ететін өкілдермен үшжақты келісім жасалады. Бақылау тек тестіленушілерге ғана емес, сонымен қатар бақылаушыларға да жүргізіледі.
5. Әр адам ҰБТ өту барысын бақылай алады және ҰБТ өткізу ережелерінің бұзылғаны анықталған жағдайда дереу Ұлттық тестілеу орталығына Digital Agent қосымшасының көмегімен сол жөнінде хабарлауға болады.
6. Мемлекеттік білім беру гранттары оқыту тілдеріне байланыстырылмай, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Қазақ және орыс тілдеріне бөлінбейді.
7. SAT, ACТ және IB халықаралық стандартталған тестердің балын ҰБТ балына ауыстыру шкаласы енгізіледі. Көрсетілген сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-дан босатылып, грант беру конкурсына қатыса алады.
8. Ашықтық пен әділдікті бақылау үшін қоғам мен Арнайы мониторинг тобы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) тартылады.
9. Есептеуіш құралдарға рұқсат етілді. Өзімен бірге тестіленушілерге калькулятор әкелуге болмайды, олар аудиторияда беріледі. Себебі, оқушы көпфункционалды калькулятор әкелуі мүмкін. Дидар Смағұловтың сөзінше, жай есептеуіш құралдар ҰБТ сұрақтарын шешуге «аса көмек бола қоймайды». Ол тек процесті жылдамдатады. Оқушы формуланы білмесе, ешқандай құралдың пайдасы жоқ.
10. Тестілеу уақыты тағы 10 минутқа ұзартылып, 4 сағат болды.
11. ҰБТ-да 4-тоқсан сұрақтары болмайды. «Көбінесе, оқу жылының соңғы тоқсанында балалар жаңа тақырыптарды өтпейді, өткен материалды қайталап, бұрын алған білімдерін бекітеді», - деді Дидар Смағұлов.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға 131 мың 755 адам қатысады. Оның 82 пайызы – биыл оқу бітіргендер. Тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 пунктте өтеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан