ҰБТ: «Абылай ханның атының неше тісі бар» сұрағының авторлары табылды

Қазіргі тестілеу сұрақтарының 35%-ы функционалдық сауаттылыққа негізделген

ҰБТ: «Абылай ханның атының неше тісі бар» сұрағының авторлары табылды

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов ҰБТ-ға қатысты айтылған сындарға жауап берді. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын дау тудырған «Абылай ханның атының неше тісі бар?» сұрағының қайдан шыққаны туралы айтып берді.

«Өздеріңізге мәлім, соңғы уақытта жекеменшік білім беру орталықтары көптеп ашылып, өздерінің ҰБТ-ға дайындық құралдарын шығаратыны анық. Жоғарыда аталған даулы сұрақ сондай бір орталықтардың бірінен тарап кеткені анықталды. Адамдар сұрақтың қайдан шыққанын анықтамай жатып, оны Ұлттық тестілеу орталығы ойлап тапқан деп сөз таратып жіберді. Ұлттық тестілеу орталығының базасында ешқашан мұндай сұрақтар болған емес», - деді Дидар Смағұлов дүйсенбілік брифингте.

Яғни, жөнсіз сұрақты Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ жекеменшік білім беру орталықтары ойлап тапқан.

«Өкінішке қарай, бұл ақпаратты ешкім тексермеді, тіпті бірнеше жыл өтсе де бұл сұрақ туындай береді. Бұл Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген ҰБТ тест тапсырмалары тексерілмеген деген жалған ақпараттың таралуына себеп болды», - деді орталық басшысы.

Ол түсіндіргендей, қазіргі тестілеу сұрақтарының 35 пайызы функционалдық сауаттылыққа негізделген. Демек, ҰБТ тек пән бойынша алған білімді емес, баланың тақырыпты терең меңгеру деңгейін сыннан өткізеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.