Сырдария арқылы жарты шақырымдық теміржол көпірі салынады
ҚТЖ темір жол құрылысын 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отыр

Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісін салу жобасы аясында Сырдария өзені арқылы көпір салынады, қазірдің өзінде дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше нысанның ұзындығы 500 метр болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын дайындау және техниканы жұмылдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Ұзындығы 152 км жаңа тармақ салу бойынша белсенді жұмыстар Ердәуіт станциясынан Сырдария өзенінің жайылмасына дейінгі учаскеде жүргізілуде. Қазірдің өзінде 6 миллион текше метрден астам жер төсемі құйылды, бұл жалпы көлемнің 50% құрайды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар жасанды құрылыстарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде: жоба аясында барлығы 35 көпір салу және 135 құбыр орнату жоспарлануда.
Арыс станциясында 105 км рельсті шпалдық тор жиналып, төсеуге дайын. Құрылысқа 600-ден астам адам және 300-ден астам техника жұмылдырылған.
Жаңа теміржол тармағы шамадан тыс жүктелген Сарыағаш – Ташкент учаскесінің, сондай-ақ Сарыағаш шекара маңы станциясының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, бұл Орталық Азия елдері бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайту үшін жағдай жасайды.
«Сонымен қатар жоба Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін болады. Жаңа желі Өзбекстан аумағы арқылы өту қажеттілігін болдырмай, шалғайдағы Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстан темір жолдарының негізгі желісімен байланыстырады», - деп түсіндірді компания мамандары.
ҚТЖ темір жол құрылысын 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.