Пациенттің соққысынан кейін есінен танып қалған қостанайлық дәрігер елордаға жеткізілді
Осы оқиғадан кейін медициналық мекемелерді бейнебақылаумен қамту жоспарланып отыр

Пациенттің шабуылынан зардап шеккен Қостанай облыстық ауруханасының дәрігері медициналық көмек көрсету үшін саниавиация бортымен Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Консилиум өткізілді
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше мамандардың консилиумының қорытындысы бойынша зардап шегушіні Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына тасымалдау туралы шешім қабылданды, онда ол одан әрі мамандандырылған ем алады.
«Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының жиілеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция бекеттерін тездетіп қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желіде.
Ол қыркүйек айында парламентке медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер енгізілетінін еске салды.
Дәрігерлердің қауіпсіздігі күшейтіледі
Жұмыс орындарында дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейту үшін медициналық мекемелерді бейнебақылаумен, күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел жәрдем бригадаларын – бейнежетондармен жарақтандыру жоспарлануда.
Еске сала кетейік, уурология бөлімшесінің хирургі Антон Кистанов күрделі операция аяқталғаннан кейін науқастарды қабылдауды жалғастыру үшін аурухананың қабылдау бөлмесіне барған. Бөлімшедегі пациенттің бірі шабуыл жасап, дәрігерді соққыға жықты, салдарынан дәрігер есінен танып қалды.
Дәрігер реанимацияға келесі диагноздармен емдеуге жатқызылды: мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, миға жіті қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы.