Астанада баланы зәбірлеген тәрбиешіге сот үкімі шықты
Сотталушы кінәсін толық мойындап, соттан қатаң жаза қолданбауды сұрады

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты балабақша тәрбиешісін кәмелетке толмаған балаға қатыгездікпен қарағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыс видеоға түсіп қалған
Іс материалына сәйкес әйел 2025 жылғы қаңтар және ақпан айларында балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүріп, балаға бірнеше рет күш қолданғаны анықталды.
«Бейнежазбаларда баланы ұрғаны, итергені және басқа да дөрекі әрекеттер жасағаны анық көрініс тапқан, баланың денесі ауырып, жылап қалған. Сотта айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен және өзге де дәлелдемелермен расталды», - дейді сот.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, соттан қатаң жаза қолданбауды сұрады. Жәбірленуші тарап істі неғұрлым ауыр бап бойынша қарауды және моральдық зиянның өтелуін талап етті.
Сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкім шығарды
Қылмыстың сипаты мен мән-жайларын ескере отырып, сот айыпталушыға қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындау қажет деп тапты.
«Сот үкімімен Т. Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 80 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды», - деп жазылған хабарламада.
Алайда 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының 2-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, педагог жазадан босатылды.
Жәбірленушінің моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.