Жамбыл облысындағы колониядан қашып кеткен қылмыскер Алматыда ұсталды
Оған былтыр күзде халықаралық іздеу жарияланған

Жамбыл облысында түзеу мекемесінен қашып кеткен тұтқынға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үйлердің арасымен қашқан
Жамбыл аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше түзеу мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген ер адам 2024 жылдың шілде айында Тараз қаласында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығына және жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушімен кездесуге барып келуге рұқсат алған.
«Ары қарай К. қызметкердің бақылауымен мекеме аумағынан шығып, Тараз қаласына келген. Жұмысқа орналасуға келісімге келмеген соң, түзеу мекемесіне оралмауға шешім қабылдап, үйлердің арасымен жасырын шығып, автобекетке таксимен жетіп, Алматы қаласында жасырынған», - деп жазылған хабарламада.
Бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген мерзімі 9 ай 17 күнді құраған.
Құрылыста жұмыс істеген
2024 жылдың 3 қыркүйегінде К. халықаралық іздеуге жарияланып, оны 2025 жылғы мамырда Алматы қаласында полиция қызметкерлері ұстады.
«Оның кінәсі куәлердің айғақтарымен және қылмыстық істің зерттелген материалдарымен дәлелденді», - дейді аудандық сот.
Прокурор оған 1 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
К. кінәсін толық мойындап, осы уақыт ішінде қарыздарын азайту мақсатында құрылысшы болып жұмыс істегенін түсіндірді.
Сот үкім шығарды
Сот кінәсін мойындауын, шын ниетпен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ал ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.
«Сот үкімімен К. Қылмыстық кодекстің 427-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған жалпы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді», - деп жазылған сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.