$ 538.64  631.56  6.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сүйегі шашылып кетті»: Амантай қажы итеріп жіберген әйелдің қызы оқиғаның мән-жайын айтты

Жәбірленуші Амантай қажымен амандасып, оған ішке кіруге жол берген

«Сүйегі шашылып кетті»: Амантай қажы итеріп жіберген әйелдің қызы оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: freepik.com

«Амантай қажы анамды баспалдақтан итеріп жіберді» деген әйел көмек сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

Аурухана төсегіне таңылды

Раиса Бесқарағаеваның айтуынша, Амантай қажы зейнет жасындағы әйелге өздігінен соқтыққан. Соның кесірінен әйелдің жамбасы сынып, ауруханаға төсегіне таңылыпты.

«Артына қарап тұрып, Амантай қажы анамды итеріп жіберіп тұр. Өзінен-өзі итеріп жіберген. Ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Сап-сау жүрген анамды мүгедек қылып, енді, міне, әлі ауруханада жатырмыз, қозғала алмайды, не жүре алмайды. Жамбас сүйегі екі жерден сынған. Содан кейін екі жерден де темір салынған. Сүйегі ыдырап, шашылып кеткен», - дейді Раиса Бесқарағаева.

Оқиға осыдан екі апта бұрын таңғы уақытта болған. 76 жастағы Биғайша Бектенбаева қаладағы стадиондардың бірінде медбике болып жұмыс істейді екен. Сол күні әйел Амантай қажымен амандасып, оған ішке кіруге жол беріпті. Бірақ Амантай Асылбек әй-шай жоқ, зейнеткерді итеріп жіберген көрінеді.

Бұрылып та қарамаған

Раиса Бесқарағаеваның айтуынша, ең сорақысы, Амантай Хантемірұлы мұнысынан кейін артына бұрылып та қарамапты. Әйел көп қан жоғалтып, оған төрт сағат бойы ота жасалған.

Полиция бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші тарап оған әділ жаза сұрайды әрі бүгінге дейін кеткен шығынды өтеп беруін талап етеді.

«Аталған дерек бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Аталмыш оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және процессуал іс-шарала жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетері, Амантай қажы ел ішінде қоғам белсендісі ретінде танымал. Ол ядролық сынаққа қарсы «Аттан, Қазақстан» қозғалысын басқарады. Осыдан он жыл бұрын ол өзін президент сайлауына кандитатурасын ұсынған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#видео #зейнеткер