$ 539.55  627.55  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

600-ден астам шалғай ауылда медициналық нысандар салынып жатыр – Бектенов

Денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелер бар

600-ден астам шалғай ауылда медициналық нысандар салынып жатыр – Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің денсаулық сақтау саласына қатысты сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, салада шешімін күткен өзекті мәселелер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелер бар екені белгілі. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Бірақ біздің кешенді жоспарымыз бар. Аталған салаға қатысты нақты шаралар қабылдап жатырмыз», – деді Бектенов.

3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалған

Премьер-министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта 3,3 миллион қазақстандық Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне кірмей отыр. Үкімет бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуге ниетті.

«Келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттер есебінен осы 3,3 млн адамның 1 миллионы МӘМС жүйесіне енгізіледі. Жыл сайын бұл көрсеткішті азайтамыз. Бұл – үлкен шығынды қажет ететін жұмыс», – деді ол.

Ауылдағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Президент тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет қолжетімді болуы үшін жаңа нысандар салынуда.

«Бүгінгі таңда 600-ден астам шалғай ауылда медициналық нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен де, заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен де қаражат бөлінуде», – деді Премьер-министр.

Мәселе бір күнде шешілмейді, бірақ бағыт нақты

Олжас Бектенов бұл жұмыстардың барлығы жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын, әрі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту Үкіметтің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары