Қостанай облысында полицейлер жанып жатқан ғимараттан ер адамды құтқарып қалды
Өрт түн ортасында шықты

Қостанай облысының Алтынсарин ауданына қарасты Щербаков кентінде2024 жылғы 13 шілде күні сағат 03:09 шамасында бос тұрған ғимараттың шатырынан өрт шыққаны жөнінде төтенше жағдайлар қызметіне хабар келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру тобы дереу жалынды сөндіру жұмыстарын бастады.
Түтін ішінен тірі адам табылды
Көп ұзамай оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары – Дулат Нұрымов пен Амантай Кенжебаев келіп жетті. Батылдық пен бастамашылдық танытқан полицейлер қазандық бөлмесін тексеру кезінде қалың түтіннің ішінде ұйықтап жатқан ер адамды байқайды.
Олар еш кідірместен, азаматты қауіпті аумақтан сыртқа алып шығып, өмірін аман сақтап қалды.
Қайғылы жағдайдың алдын алды
Өрт сөндірушілер мен полицейлердің үйлесімді және жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілген жоқ. Ер адам еш жарақат алмаған, дәрігерлерге тексерілу үшін медициналық мекемеге тапсырылды.