$ 525.87  614.37  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда инфляцияны тоқтату үшін қандай шаралар қабылданады

«Бәйтерек» ұлттық холдингіне 1 трлн теңге бөлінді

Қазақстанда инфляцияны тоқтату үшін қандай шаралар қабылданады
Фото: istockphoto.com

Үкімет отырысынан кейін өткен брифинг барысында журналистер несие мөлшерлемесінің неге жоғары екенін сұрады. Бұл сұраққа премьер-министрдің экономика жөніндегі орынбасары Серік Жұманғарин жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жасыратыны жоқ, Үкіметтің негізгі мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Бұл – 6-7% деңгейінде. Ал Ұлттық банктің мақсаты – инфляцияны тежеу, оны 5% шамасында ұстап тұру», – деді вице-премьер.

Несиелендіру қиын, әсіресе бизнес үшін

Жұманғариннің айтуынша, кей жағдайда осы екі саясат өзара қайшылыққа ұшырайды.

«Жуырда базалық мөлшерлеме көтерілді – қазір ол 16,5% деңгейінде. Осыған байланысты нақты секторға берілетін кредиттер қиындап жатыр. Себебі 20-22%-бен бизнес-жобаны жүргізу өте қиын. Бірақ тұтынушылық секторға бұл тікелей әсер етіп жатқан жоқ», – деді ол.

«Бәйтерекке» 1 триллион теңге бөлінді

Осы жағдайға байланысты Үкімет шешім қабылдап, даму институттарын күшейтпек. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ұлттық холдингіне 1 трлн теңге бөлінді.

«Бұл қаражат ішкі және сыртқы нарықтардан қосымша 7 трлн теңге тартуға мүмкіндік береді. Осылайша жалпы сома 8 трлн теңгеге жетеді. Оның 4 трлн-ы теңгемен 12,6% мөлшерлемемен беріледі», – деді Жұманғарин.

Бұл қаржы негізінен экспорттық жобаларға бағытталады. Оның нәтижесінде ІЖӨ-нің 1,3%-ға өсуі күтіледі.

Инфляцияны 8-10% аралығында ұстап тұру көзделіп отыр

Үкіметтің жоспарынша, даму институттары арқылы экономиканы қолдай отырып, инфляцияны 8-10% немесе одан төмен деңгейде тұрақтандыру мақсаты бар.

«Сол кезде Ұлттық банк те базалық мөлшерлемені төмендету мәселесін қайта қарауы мүмкін деген үмітіміз бар», – деді вице-премьер.

Серіктес жаңалықтары