Қырғызстанда 21 жастағы қазақстандық боксшы суға батып кетті
Қайғылы оқиға Ыстықкөлде болды

Әлеуметтік желілерде Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында болған қайғылы оқиға жайлы ақпарат тарады. Желі қолданушыларының мәліметінше, суға батып кеткен азамат – Шымкент қаласының тумасы, 21 жастағы кәсіби боксшы Ибрагим Ирисматов. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға мен оқу-жаттығу жиынының байланысы бар ма?
Қоғамда бұл жағдайдың сол маңда өтіп жатқан Қазақстан жастар құрамасының оқу-жаттығу жиындарымен байланысты болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Себебі дәл сол уақытта 22 жасқа дейінгі ұлттық құраманың боксшылары Ыстықкөлде дайындықтан өтіп жатқан еді.
Шымкент қаласының спорт басқармасы: «Ол ресми жиынға қатысқан жоқ»
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы Ибрагим Ирисматовтың шынымен де қалалық Кәсіби бокс клубының (спорттық-сауықтыру кешені) спортшысы болғанын растады. Алайда олардың айтуынша, марқұмның ресми оқу-жаттығу жиындарына ешқандай қатысы болмаған.
«Жас спортшы Қырғызстанға жеке қаржысы есебінен, тек демалу мақсатында барған. Ол ұлттық құраманың орналасқан жерінен бөлек, басқа демалыс базасында тұрған», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Қазақстан бокс федерациясы түсініктеме берді
Қазақстан бокс федерациясы да бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдіріп, қайғылы оқиғаның ұлттық құраманың дайындығына қатысы жоқ екенін нақтылады.
«Оқиға кезінде Қазақстан құрамасы жоспарлы жиын өткізіп жатқан. Ирисматов қатысушылар тізімінде болған жоқ. Бұл – құраманың ресми шарасына қатысы жоқ жеке жағдай», – делінген Федерация хабарламасында.