$ 541.93  636.71  6.83
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«7 жылға дейін сотталады»: Бас прокуратура дропперлерге ескерту жасады

Бас прокуратура дропперлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілетінін ескертті

«7 жылға дейін сотталады»: Бас прокуратура дропперлерге ескерту жасады
Фото: istockphoto.com

ҚР Бас прокуратурасы азаматтарды өзінің банктік карталарын, шоттарын немесе жеке деректерін үшінші тұлғаларға берудің салдары туралы ресми түрде ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Интернет-алаяқтық пен есірткі айналымына 50 мыңнан астам азамат тартылған

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда 50 мыңнан астам азамат интернет-алаяқтық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартылған. Бұл қылмыстардың көбі «дроппер» аталып кеткен делдалдар арқылы жүзеге асуда.

6 мыңнан астам дроппердің жеке басы анықталды

Бас прокуратура жүргізген жұмыстар нәтижесінде 6 мыңнан астам адамның қылмыстық әрекеттерге қатысы бары расталған. Олар – банктік деректерін басқа адамдарға пайдалануға берген тұлғалар.

Қылмыстық жауапкершілік заңмен бекітіледі

Қазір Парламент Сенатында жаңа заң жобасы қаралуда. Онда Қылмыстық кодекске 232-1-бапты енгізу ұсынылған. Бұл бап бойынша, банктік шотын немесе картасын өзге тұлғаға заңсыз және материалдық пайда алу мақсатында берген азамат қылмыстық жауапқа тартылады.

Жаза түрі: 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Дропперлер үшін негізгі салдарлар:

  • Барлық банктік шоттар бұғатталады (алаяқтықпен байланысты ретінде);
  • Күдікті тұлғалар тізіліміне енгізіліп, болашақта қаржылық қызметтерді пайдалану мүмкіндігі шектеледі;
  • Сот арқылы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Бұл ереже шетел азаматтарына да қолданылады

Өздерінің отандық немесе шетелдік шоттарын қылмыстық схемаға пайдалануға берген шетел азаматтары да аталған жауапкершілікке тартылады.

Жауапкершіліктен босатылу жолы бар

Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, егер азамат құқыққа қарсы схемаға тартылғанын біліп, бұл туралы уәкілетті органға дер кезінде хабарласа және тергеуге белсенді көмектессе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Не істеу керек?

Егер сіз бұрын банктік шотыңызды немесе карталық деректеріңізді үшінші тұлғаға берген болсаңыз:

  • Жедел түрде банк бөлімшесіне барып хабарласыңыз;
  • Немесе онлайн-банкинг арқылы картаңызды бұғаттаңыз.

Қаскүнемдердің құралына айналмаңыз!

Бас прокуратура барлық азаматтарды алаяқтар мен есірткі таратушылардың құралдарына айналмауға шақырады. Ақпаратты тексеріп отырыңыз және банктік деректеріңізді бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыз!

Серіктес жаңалықтары