Өскеменде омарташы Қытайдан техника аламын деп алаяқтың құрбаны болды
Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп таныды

Қазақстанның оңтүстік бөлігінде тұратын адам Өскеменнің бал экспорттаушысын 100 мың АҚШ долларына алдап кеткен. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ер адам аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп танылып, сот шешімімен бас бостандығынан айырылды.
Қалай басталды?
Оқиға 2019 жылдың көктемінде басталған. Өскемендік кәсіпкер балды қайта өңдеуге арналған жабдық сатып алғысы келіп, Қытайдағы іскер серіктесінің көмегімен қажетті техниканы табады. Серіктесі алдын ала төлемді танысы арқылы жіберуді ұсынады. Ол – Қазақстанда тұратын азамат.
Ол Өскеменге келіп, кәсіпкерден 100 мың доллардан астам қаражатты қолма-қол алған. Сенім ұялату үшін ол қытайлық делдалмен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді ұйымдастырған.
Ары қарай не болды?
Алайда оқиға күтпеген бағытта өрбіді:
«Ақша Қытайдағы делдалға жетпеген. Ер адам бұл соманы өз қалауынша жұмсап, кейін мүлдем байланысқа шықпай қойған», – делінген сот материалында.
Оның қайда екені ұзақ уақыт бойы белгісіз болған.
Соттағы пікірталас
Сотта айыпталушы кінәсін мойындамаған. Ол өз әрекетін отбасылық жағдайлармен және арадағы делдалдан рұқсат алғанымен түсіндірмек болған.
Алайда сот мынадай қорытынды жасады:
«Ақша өскемендік кәсіпкерге тиесілі болған. Айыпталушының бұл қаражатты иемденуге ешқандай заңды құқығы болмаған».
Тергеу барысында қолхаттар, аудио-видео жазбалар мен куәгерлердің айғақтары ұсынылған.
Сот үкімі қандай болды?
Алаяқтықтың ірі көлемде жасалғаны, шығынның өтелмегені және жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығы ескеріліп, сот ер адамды 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға және жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеуге – шамамен 40 миллион теңге қайтаруға міндеттеді.