Францияның Ұлттық кітапханасынан Тәуке мен Тәуекел хандардың өмірі туралы мәліметтер табылды
Францияның Ұлттық кітапханасынан қазақ тарихына қатысты бірегей қолжазбалар табылды

Францияның Ұлттық кітапханасында қазақ халқының тарихына қатысты бұрын-соңды зерттелмеген құнды қолжазбалар анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстанушы ғалымы Ғалия Қамбарбекованың айтуынша, Парижде орналасқан кітапхананың қорынан араб, түрік, парсы және шағатай тілдеріндегі манускрипттерді зерттеу барысында қазақ тарихына байланысты маңызды деректер тапқан.
Мәтіндерде қазақ хандарының, атап айтқанда Тәуке хан мен Тәуекел ханның өмірі мен қызметі, Түркістан мен Ташкент аймағындағы тарихи оқиғалар жөнінде тың мәліметтер келтірілген. Сонымен қатар, дипломатиялық хат-хабарлар, ресми құжаттар мен сенім грамоталары сақталған.
«Мен үш маңызды еңбекті таптым. Оның ішінде Мұсылман әлемінің дүниежүзілік тарихы атты еңбек бар. Онда Тәуекел ханның Бұхараға жасаған соңғы жорығы, оның бауыры сұлтан Есімнің қатысуымен болған шайқастар, одан кейінгі Түркістан мен Ташкенттегі тарихи жағдайлар баяндалған. Бұл деректер отандық ғылымда бұрын соңды айтылмаған», – дейді Ғалия Камбарбекова.
Францияның Ұлттық кітапханасы – әлемдегі ең ірі тарихи мұрағаттардың бірі. Қолжазбалар қорына қол жеткізуге болады, бірақ оларды оқу мен аудару арнайы білімді талап етеді. Көптеген құжаттар әлі күнге дейін қазақстандық ғалымдардың назарына ілінбеген.
Аталған зерттеу – ҚазҰУ аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаның нәтижесі. Ғалымның айтуынша, бұл ашылымдар қазақ халқының халықаралық байланыстары, саяси тарихы мен мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.