Ғарыштық мониторинг: Маңғыстау облысында жыл басынан бері 61 заңсыз қоқыс орны анықталды
Ең көп заңсыз қоқыс орны – Мұнайлы ауданында

2025 жылы жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша 61 рұқсатсыз қоқыс орны тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның ішінде ең көбі Мұнайлы ауданында – 24 орын. Ақтауда 16, Жаңаөзенде 15 орын анықталды. Сонымен қатар, Қарақия және Түпқараған аудандарында үш-үштен қоқыс орны табылды.
Экология департаменті: Сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде
Маңғыстау облысының экология департаменті берген мәліметке сәйкес, қазіргі таңда мамандар анықталған орындарды зерттеп, актілеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәліметтер кейін жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
Аудандық және қалалық әкімдіктер жыл соңына дейін бұл заңсыз қоқыс орындарын жоюға міндетті.
Заңсыз қоқыс төгу – үлкен айыппұлдарға әкеледі
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанда рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төгу үшін жазалар күшейтілді.
Физикалық тұлғалар мен кәсіпорындарға салынатын айыппұл 100-ден 1000 АЕК-ке дейін (393 200 теңгеден 3 932 000 теңгеге дейін) жетеді.
Қайталанса – екі есе көп айыппұл
Егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі екі есе артады:
- Жеке тұлғалар үшін – 200 АЕК (786 400 теңге);
- Лауазымды тұлғалар, шағын бизнес және ҮЕҰ үшін – 750 АЕК (2 949 000 теңге);
- Орта бизнес үшін – 1 000 АЕК (3 932 000 теңге);
- Ірі бизнес үшін – 2 000 АЕК (7 864 000 теңге).