«Үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз»: Біртанов жеке карантин талаптарын сақтауды өтінді
Министр елде індеттің екінші толқыны жүріп жатқанын жазды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ел тұрғындарынан жеке карантин талаптарын сақтауды сұрайды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
Министр індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана шаралар тізбегімен бөлісті. Олар:
1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;
2. Егер мүмкіндік болса кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;
3. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз;
4. Қолды кем дегенде 20 секун сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;
5. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.
Айта кету керек, дәл осы шаралар наурыз, сәуір және мамыр айларында төтенше жағдай кезіндегі карантинде көп көмектесті.
Министрдің сөзінше, қазір әлемнің кейбір елінде және Қазақстанда да коронавирус инфекцияның екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде екінші толқын мамыр айының соңында карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталды.
«Жақында Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі профессорының зерттеу материалы жарияланды. Онда автор бета-коронавирус маусымы, иммунитет және қарсы иммунитет туралы мәліметтерді пайдаланып, SARS-CoV-2 коронавирусының таралуын есептеген. Айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде SARS-CoV-2 қайталанады деп болжаған және толқынды болдырмау үшін 2022 жылға дейін орташа әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін – осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитет қалыптасады немесе вакцина әзірлеп, оны пайдалануымыз тиіс. Қазір SARS-CoV-2 иммунитеттің дәрежесі мен ұзақтығы белгісіз, сондықтан бірнеше сценарий есепке алынған. Материал мәліметтері бойынша қысқа мерзімді иммунитет (40 апта) жасалуы мүмкін, онда індет жыл сайын қайталанады. Егер мерзімді иммунитет пайда болса (104 апта) - екі жылда бір рет шығады. Ал өмір бойғы иммунитет – вирустың элиминациясы болса, 2024 жылы қайта өршуі мүмкін», - деп жазды Біртанов.