Қапшағайдағы демалыс орындарына жол ашылды
Жаңа ереже 2020 жылдың 12 маусымында күшіне енді
Бүгін облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жаңа қаулы шығарды, онда Алматы облысы аумағында карантиндік шараларды күшейту бойынша бірқатар шаралар көрсетілген. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа қарарда бұрын белгіленген шектеуші шаралар сақталатын болады. Сондай ақ, туристік объектілерді пайдалануға қойылатын талаптар қамтылған.
«Аудандар мен қалалардың, ауылдық округтердің әкімдері, туристік объектілер, соның ішінде демалыс үйлері (базалар, аймақтар), туристік базалар, санаторий-курорттық ұйымдар аумағына кіре берісте дезинфекциялық тосқауылдар мен туннельдер орнатуы керек. Әр рейстен кейін көліктер залалсыздандырылып, жүргізушілердің гигиенасына жағдай жасалуы тиіс. Демалушыларға демалыс аумағынан тыс жерлерге баруға тыйым салынады. 100 орыннан астам объектілерде медициналық қызметкер мен изоляторы бар медициналық посттарды қамтамасыз ету қажет», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қапшағай су қоймасы мен Іле ауданының Жетіген ауылдық округінің жағалауындағы демалыс аймақтарына апаратын тас жолдағы жылжымалы посттар алынып тасталады.
Айта кету керек, балалардың денсаулығы мен мектеп жанындағы лагерлер әлі жұмыс істемейді.