IELTS INDICATOR, Duolingo English Test: магистратура мен докторантураға оқуға түсу үшін сертификаттар тізімі толықты
Аталған тестілер арнайы ақпараттық жүйелер арқылы тек электронды форматта тапсырылады

Халықаралық сертификаттар тізімі IELTS INDICATOR және Duolingo English Test сертификаттарымен толықтырылды, деп хабарлайды Білім министрлігінің баспасөз қызметі.
«2020 жылы магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттардың тізімі IELTS INDICATOR (Айтлс Индикатор) және Duolingo English Test (Дуолинго Инглиш Тест) сертификаттарымен толықтырылды», - делінген хабарламада.
IELTS INDICATOR сертификатының қолданылу мерзімі 2 жылды құрайды, ал Duolingo English Test сертификаты 1 жылға дейін жарамды.
«Магистратура үшін IELTS INDICATOR бойынша шекті балл 6,0-тен кем емес, Duolingo English Test бойынша – 95-тен кем емес. Докторантура үшін IELTS INDICATOR бойынша шекті балл – 5,5-тен кем емес, Duolingo English Test бойынша – 85-тен кем емес» - делінген хабарламада.
Айта кеткен жөн, шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат тек докторантура үшін міндетті болып табылады. Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін IELTS INDICATOR немесе Duolingo English Test халықаралық сертификаттарын ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілінен тест тапсыруға болады.