Жақында Ақтөбеде жаңа көпір ашылады
Қазіргі таңда көпірдің жүру бөлігі төселіп, жарықтандыру бағандары орнатылды

Ақтөбеде Елек өзені үстінен өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл көпір көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетіп, қаланың аудандары арасындағы байланысты жақсартады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстарын «КазКомСервис» ЖШС жүргізіп жатыр.
«Қазіргі таңда көпірдің жүру бөлігі төселіп, жарықтандыру бағандары орнатылды, қоршаулар монтаждалуда. Көпір алдағы 20 күн ішінде ашылады деп жоспарланып отыр», - деп жазылған хабарламада.
Жаңа көпірдің ұзындығы — 340 метр, ал аралық бөлігі — 42 метр. Бұл — нысанның тек бірінші бөлігі.
Қозғалыс ашылғаннан кейін жанындағы ескі көпір толықтай бұзылып, оның орнына жаңа көпірдің екінші бөлігі салынады. Нәтижесінде өзен бөліп тұрған қаланың аудандарын жалғайтын жолдың өткізу қабілеті айтарлықтай артады.
«Ескі көпірді бұзу және жаңа екінші көпірді салу жұмыстарын 1 жыл ішінде толықтай аяқтау жоспарланып отыр», - дейді әкімдік.
Жаңа көпір қалалық инфрақұрылымның маңызды элементіне айналады:
- ол жолдағы кептелістерді азайтады,
- жүріп-тұруды жеңілдетеді,
- жол қауіпсіздігін де арттырады.