Құлсарыда әйелін жұмысына барып өлтірген еркекке қатысты сот үкімі шықты
Ол 15 жылға сотталды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Құлсары қаласында болған әйелді өлтіру фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айыпталушы бұрынғы әйелін қызмет орнында, яғни емхана ғимаратында пышақтап өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыс 2025 жылдың 27 наурызында жасалған. Тергеу материалдарына сәйкес, сол күні марқұм Instagram әлеуметтік желісінде бұрынғы күйеуімен хат алмасқан.
Әңгіме барысында олардың арасында жанжал туындап, ер адам ашуға бой алдырып, қылмысқа барған.
«Айыпталушы қалтасына бәкі салып, әйелінің жұмыс орнына барып, қызметтік кабинетіне кірген. Онда әйел мен оның әріптесі болған. Ер адам бұрынғы жұбайын басынан ұрып, кейін әріптесі араша түскенде пышақты алып шығады. Әріптесі қауіптеніп сыртқа жүгіріп шыққан сәтте, ол әйелге пышақпен екі мәрте - мойын және кеуде тұсына соққы жасаған», - делінген сот үкімінде.
Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сот отырысы барысында айыпталушы кінәсін тек ішінара мойындағанымен, оның кінәсі куәгерлердің, сараптама қорытындыларының және оқиға орнындағы дәлелдердің негізінде толық дәлелденді.
Сот үкімімен ол 15 жылға бас бостандығынан айырылып, жәбірленуші тарапқа 15 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, Құлсарыда ер адам бұрынғы әйелін бауыздап өлтіргені туралы осыған дейін хабарланған.