$ 538.33  626.99  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Оралда заңсыз микрокредит берумен айналысқан компания 1 млрд теңгеге жуық «табыс тапқан»

Қарыз алушылар күн сайын 1,5% мөлшерінде үстемақы төлеуге мәжбүр болған

Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, Орал қаласында лицензиясыз микрокаржылық қызмет көрсеткен тұлғалар тобына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жылдам ақша» атауымен 1,5 млрд теңгеден астам несие берілген

Тергеу мәліметінше, соңғы бес жылда күдіктілер «Жылдам ақша» деген атаумен танылған филиалдар желісі арқылы 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға микрокредиттік келісімшарттар жасаған.

Азаматтармен шарт жасасу барысында лицензиясы жоқ болса да, олар бұл қызметті микрокаржы ұйымы ретінде жүргізіп отырған.

Жасырын үстемақы – «кеңес беру қызметі» деп көрсетілген

Несиеге қосылатын жоғары пайыздар бөлек шарт арқылы «кеңес беру қызметі» ретінде рәсімделген. Бұл қызметтер күдіктінің туысына тіркелген ЖШС арқылы жүзеге асқан.

Осы тәсіл арқылы заңнан жалтару және жоғары табыс алу мақсат етілген.

Күн сайын 1,5% үстеме: заңды 5 есеге бұзған

Қарыз алушылар күн сайын 1,5% мөлшерінде үстемақы төлеуге мәжбүр болған. Бұл – заңмен белгіленген шекті мөлшерлемеден бес есеге жоғары (0,3% шекке қарсы).

Нәтижесінде, 47 мыңнан астам несие заңсыз жолмен, аса жоғары пайызбен берілген.

Күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды

Алдын ала есеп бойынша, заңсыз табыс көлемі 917 миллион теңгені құраған. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі бір өндірістік-коммерциялық нысан мен бір пәтерге тыйым салынды.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.

Серіктес жаңалықтары