«Сенбесімді білмедім сенерімді»: Төреғали Төреәлінің әкесі ұлын сахнадан кетпеуге шақырды
Төреәлі Төлепов ұлының астарлы жазбасына өлеңмен жауап берді

Әнші Төреғали Төреәлінің әкесі Төреәлі Төлепов Instagram парақшасында ұлының «сахнадан кетемін» деген шешіміне таңданыс білдіріп, өнерін тоқтатпауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңалықты оқып ап, не дерімді?
Сенбесімді білмедім сенерімді.
Бірдеңені тоқтатам деп қойыпсың
Көп жастар алар еді сенен үлгі.
Ақылыңды тоқтатсаң жарар ұлым
Мен саған беріп келем берерімді.
Алла берген тоқтатпа өлеңіңді
Алла берген тоқтатпа өнеріңді!!!», - деп жазылған жазбада.
Еске сала кетейік, Әнші Төреғали Төрәлі инстаграм парақшасына «бәрін тоқтаттым» деп жазба қалдырды, содан кейін тағы бір пост салып, жұртты алаңдатып қойды. Өлең шумақтарымен әнші ойын астарлап жеткізгісі келгенімен, тыңдармандар оны түсінбей әлек. Арасында «Музыкасыз күн, дауыссыз таң» деген сөздері бар.
Сондай-ақ "Ұлы дала баласы" парақшасындағы басты суретін қара түске өзгерткен әрі оқырмандары пікір қалдыратын фукцияны қолжетімсіз етіпті.
Ал әншінің көмекшісі журналистердің сұрағына мардымды жауап бермеді. Ол әзірге еш ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.
«Барлығын көп ұзамай Төреғалидің өзі түсіндіреді», - деп әңгімені қысқа қайырды.
Төреғали наурыз айында еліміздің төрт қаласында концерт беруге тиіс еді. Бірақ денсаулығына байланысты оны кейінге шегерген.