Жасанды интеллект алаяқтықтың жаңа түрінің пайда болуына түрткі болды

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Енді олар жасанды интеллектінің көмегімен елге белгілі тұлғалардың бет-бейнесін жасап, халықты арбауға көшкен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде осы сарындағы бейнероликтер кең таралуда. Алаяқтар танымал медиа тұлғалар мен ірі компания басшыларының атынан жалған ақпарат тарату арқылы халықты құрығына түсіруге тырысып жатыр.
Шынайы бейнеден айнымайтын мұндай хабарламар арқылы алаяқтар жұрттың қалтасын қағуды көздейді.
Жуырда дәл осындай жолмен Ұлттық атом компаниясына қатысты ақпарат тарады. Бейнероликте инвестициялық платформаны іске қосу арқылы мол пайдаға кенелуге болатыны айтылған. Алайда компания басшылығы бұл шындыққа жанаспайтынын хабарлап, азаматтарды мейлінше сақ болуға шақырды.
«Қаржылық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін платформалар туралы бейнехабарламар таратуда."Қазатомөнеркәсіп" басшысы ретінде бұл жаңалықтардың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеймін», - дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Еске сала кетейік, фармацевтика нарығында жалған интернет дәріханалар пайда болған еді. Алаяқтар ресми интернет дәріханалардың клондық сайттарын жасап алатын болған, оларды түпнұсқадан айыру қиын. Онда қажетті дәрі-дәрмекті таңдауға болады, банк картасының деректемелерін енгізе аласыз және тіпті жылдам жеткізуге «тапсырыс» беруге мүмкіндік бар. Ақша есептен шығарылады, бірақ адам дәрі алмайды.