Жамбыл облысында 8 мектепке айыппұл салынды
Мектептер төтенше жағдайлар қызметінің тексерісінен кейін анықталған заң бұзушылықтарды жоймаған

Жамбыл облысының Шу ауданында 8 мектепке өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заңбұзушылық жойылмаған
Шу аудандық соты өрт қауіпсіздігі қызметінің талаптарын орындамағаны үшін ауданның 8 мектебіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарады (ӘҚБтК 462-бабының 3-бөлігі).
«2025 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында төтенше жағдайлар бөлімі Шу ауданы мектептерінің өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру іс-шараларын жүргізді, оның қорытындысы бойынша 8 мектепте бірқатар заңбұзушылық анықталды. Мекемелерге оларды жою туралы нұсқамалар берілді», - деп жазылған хабарламада.
Заңбұзушылықтарды жоюға берілген мерзім өткеннен кейін, қайта тексеру барысында олардың жойылмағаны анықталған, содан соң әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасалды.
Мектеп өкілдері кінәсін мойындады
Сотта мектеп өкілдері кінәсін мойындап, жіберілген құқық бұзушылықтар қаржыландырудың болмауына байланысты жойылмағанын айтты.
Қазіргі уақытта қажетті қаражатты бөлу туралы хаттар білім бөліміне жолданды. Білім беру мекемелерінің өкілдері қызметін тоқтатпай айыппұл салуды сұрады.
ӘҚБтК 462-бабы 3-бөлігінің санкциясы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК мөлшерінде, қызметін тоқтата тұра отырып немесе онсыз айыппұл салуды көздейді.
«Соттың қаулысымен сегіз білім беру мекемесіне қызметін тоқтатпай, 100 АЕК мөлшерінде (393 200 теңге) әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады сот.
Қаулылар заңды күшіне енді.