Иран мен Израильден 230-дан астам қазақстандық эвакуацияланды
Қазақстан СІМ мен елшіліктері өңірдегі жағдайды тәулік бойы бақылап отыр

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 30 маусымда өткен брифингте қазақстандықтарды Израиль мен Ираннан эвакуациялау жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Смадияровтың мәліметінше Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдардың және шетелдік серіктестердің қолдауымен Израиль мен Ираннан Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың кезекті кезеңін аяқтады.
«Жалпы, Ираннан 233 Қазақстан азаматы, ал Израильден 103 отандасымыз шығарылды. Қазақстан СІМ мен елшіліктері өңірдегі жағдайды тәулік бойы бақылап, азаматтарымызға қажетті консулдық қолдау көрсетуді жалғастыруда», - деді СІМ ресми өкілі.
Ол шет елдердегі қазақстандықтардың құқықтарын, қауіпсіздігін және амандығын қамтамасыз ету Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының қызметіндегі айрықша басымдық болып қала беретінін атап өтті.