$ 518.37  609.97  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бұл – хайп емес, заң бұзу»: полиция пранк жасауға құмар блогерлерге ескерту жасады

ІІМ блогерлер мен пранкерлерге үндеу жасады

Azattyq Rýhy редакциясы әлеуметтік желіде хайп қуып, қоғамдағы қатігез пранктар туралы үнемі бірінші болып жазып, құзырлы органдарға сигнал жіберіп отырады. Астанада тұрғын үйдің лифтісіне «мәйіт» алып кірген блогерлер мен Алматыда көше сыпыратын әйелдерге пранк ұстаған блогерлер туралы да алғашқылардың бірі болып жазып, полиция департаменттеріне сұрау салған едік. Бүгін ішкі істер министрлігі жыл басынан бері жалпы осындай 24 орынсыз пранк жасаған блогердің ұсталғанын мәлімдеп отыр.

«Хайп үшін жарыс» – қоғамдық тәртіпке қатер

Министрлік соңғы уақытта интернет желісінде қауіпті трюктер мен пранк видеоларының күрт көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Мұндай әрекеттердің мақсаты – қаралым мен танымалдық қуалау. Алайда, бұл әзіл-қалжың мен көңіл көтерудің шегінен асып түсіп, қоғамға зиян келтіруде.

«Авторлар ешкімге зиян келтірмейтін контенттің орнына – агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетуде», – делінген ресми мәлімдемеде.

24 адам жауапқа тартылды

Жыл басынан бері осындай оқиғалар бойынша 24 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Министрлік нақты мысалдар келтірді:

  • Астанада блогерлер лифт ішінде «мәйіт» алып жүріп, балтамен шабуыл жасаған. Бұл әрекет тұрғындарды шошытып, үрей туғызған. Нәтижесінде, қатысушылар 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған.
  • Алматы облысында жас жігіт жүріп келе жатқан көліктің үстіне секіру әрекетін жасаған. Өкінішке қарай, ол ауыр жарақат алып, қайтыс болды.

Бұл – өнер емес, бұл – құқық бұзу

ІІМ мұндай контент түрлерін «өнер» немесе «еркін шығармашылық» емес, керісінше заң бұзушылық деп есептейді.

«Қоғамдық тәртіпті бұзып, дүрбелең туғызатын, адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – деді министрлік ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Үндеу: «Бір сәттік танымалдық үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз»

ІІМ пранк авторларына және қатысушыларға мынадай ескерту жасады:

  • Күмәнді видеоны түсірмес бұрын оның салдарын ойланыңыз;
  • Өзіңізді де, өзгелерді де қауіпке тікпеңіз;
  • Қоғамдық орындарда тәртіп пен заңды сақтаңыз;
  • Блогинг пен камера құқық бұзуға сылтау болмауы тиіс.

«Өмірде де, интернетте де – адамдардың қауіпсіздігі мен сезімін құрметтеңіздер», - дейді полиция қызметкерлері.

Айта кетейік, көше сыпыратын әйелге пранк жасаған блогер қамауға алынғаны хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары