Алматы облысында пойыз қағып кеткен екі адам қаза болды
Оқиғаға қатысты Көлік полициясы департаменті түсініктеме берді

Алматы облысында пойыз қағып кеткен екі адамның қаза болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 23 маусым күні болды. Екі адам пойыз жақындаған сәтте өткелге шығып кеткені белгілі болды.
«23 маусым күні сағат 19:18-де Алматы облысындағы «Ақсеңгер – Бұрындай» учаскесінде жолаушылар пойызы белгіленбеген жерден теміржол жолын кесіп өтпек болған екі адамды қағып кетті. Ауыр дене жарақаттарының салдарынан екеуі де оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша Алматы-1 станциясындағы Линейлік полиция басқармасы ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - делінген Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін оқыс оқиғаға қатысты «Қазақстан теміржолы» ресми түсініктеме бергені хабарланған.